Байланыс телефондары:
(727) 261-00-25
7(727) 272-55-61
» » Білікті ғалым, мемлекетшіл менеджер

Білікті ғалым, мемлекетшіл менеджер

27 март 2017, Понедельник
666
0
«Бұл өмірге келген әрбір адамзат баласының үш түрлі міндеті болады. Оның біріншісі – ұрпақ өрбітіп, әулет санын көбейту, екіншісі – ғылыммен айналысып, шәкірт тәрбиелеу, үшіншісі – ілім-білім жинап, халқына қызмет ету», – деп ерте заманда өткен данагөйлеріміз осындай ғибратты сөз қалдырып кетсе керек. Бұл жерде азаматтық борышты орындау үшін елдің барлығы ғалым болып кетуі керек па деген көлденең сұрақ туындауы да мүмкін. Әрине, ұстаз-ғалым болу кез-келген адамның пешенесіне жазыла бермейтін бақыт. Дегенмен де өмірде көрген-білгенін, өз білетінін басқаға үйрете білсе, оларды жақсы өнегелерге баулыса ұстаздық деген, міне – сол! Жалпы, осы тұрғыдан алып қарағанда Ғалымқайыр Мұтанұлы азаматтық парызының барлығын абыроймен орындап келе жатқан ардақты жан деп ой түюге болады. Ол ұрпақ өсірді, ол өмір  бойы ілім-білім жинап, онымен туған халқына шапағат шашып келе жатыр. «Білім инемен құдық қазғандай» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Ұзақ жылғы ғылыми ізденіс, қажырлы еңбек Ғалымқайыр Мұтановты жай ғалым ғана емес, жоғары білім беру жүйесінің іскер де қарымды маманына, білікті менеджеріне айналдырды.
Бүгінде академик Ғалымқайыр Мұтанұлы басқарып отырған қазақ білімі мен ғылымының қарашаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті биік белестерді бағындырып, толайым табыстарға қол жеткізіп отыр. Орта Азиядағы жоғары оқу орындары арасында алғашқы болып әлемнің 250 үздік университетінің қатарына енуі осының нақты айғағы іспеттес. Ең бастысы – үздіктердің бұл тобында ТМД елдерінен Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғана бар екенін ерекше атап өткеніміз абзал. Мемлекет басшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылғы дейін кем дегенде екі қазақстандық жоғары оқу орны әлемнің ең үздік 200 университетінің қатарына ену тапсырмасын жүктеген болатын. Бүгінде қарашаңырақта бұл міндеттің межесінен шығу жолында қажырлы жұмыстар атқарылып, құрылымдық жаңару жүзеге асырылуда. Оның негізінде басқарудағы нәтижеге бағытталған процестік менеджментке көшу енгізілді. Дәл осы көрсеткіштер арқылы Қазақ ұлттық университеті дамудың даңғыл жолына бет алып, жаһандық жоғары оқу орындары рейтингінде үздік көрсеткіштерге ие болды. Соңғы бес жылда әлемдік беделді рейтингтегі университет көрсеткіштері қарқынды түрде алға жылжып, аз ғана мерзімде 500 сатыға жоғары көтерілді.
 Ғылыми әлеуетті арттыру – еліміздегі жоғары оқу орындарының басты мүдделерінің бірі екендігі белгілі. Осыған орай, ҚазҰУ-да ілкімді істер іске асырылуда. Мәселен, университет ғалымдары бір ғана 2015 жылы 500 ғылыми жобаны жүзеге асырып, 200 патент алуы сөзімізге айқын дәлел болмақ. Соның ішінде 3 халықаралық құжат бар. Қазіргі күнде Қазақстандағы ірі өндірістік кәсіпорындарында университет кафедраларының ғылыми-зерттеу алаңдарын құру жұмыстары жүргізілуде. Университет қабырғасында 75 студенттік инновациялық жоба жүзеге асырылатын 14 студенттік бизнес-инкубатор жұмыс жасауда. Сонымен қатар, Токио университетімен бірге ғылыми-технологиялық наноспутник дайындалып, оны 2017 жылы ұшыру жоспарланып отыр. Орталық Азияда теңдессіз университет қалашығындағы кампустар инфрақұрылымының екінші кезеңі жүргізілуде. Әл-Фараби кітапханасы, «Жас ғалымдар үйі», «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы мен Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин атындағы жүзу бассейні, ҚазҰУ студенттері мен түлектерінің Салтанат қақпасы сияқты жаңа ғимараттар мен нысандар қолданысқа берілді. 80 жылдан астам тарихы бар іргелі білім ордасы көптеген инновациялық әрі рухани жан дүниені байытатын ілкімді жобалардың ұйытқысына айналып отыр, бүгінде. «Al-Farabi university – smart city», «100 кітап», «Мен жастарға сенемін!», «Айналаңды нұрландыр!», «ҚазҰУ – GREEN CAMPUS», «Саламатты дене мәдениеті», «Жасыл көпір – ұрпақтан-ұрпаққа» атты инновациялық тәрбие жобаларының мақсаты – студентті сапалы білім берумен қатар, бәсекеге қабілетті маман, жан-жақты білімді, ұлтжанды тұлға ретінде қалыптастыру.

 Ғалымқайыр Мұтанұлы көпшілік арасында үлкен қолдауға ие болған «Айналаңды нұрландыр!» жобасы туралы былай деп пайымды пікір білдіріпті: «Бұл жоба – ­Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің дамуы бойынша қойып отырған стратегиялық мақсаттарды шешуге бағытталған ірі жоба. Бұл қоғамды дамытушы ғана емес, жанымызды тазартып, айналаны нұрландыратын бірден-бір бағдарлама. «Айналаңды нұрландыр!» – айналаңа қамқорлық танытып, ізгілік дәнін себу, жарқын да нұрлы өмірге жол бастау деген ұғым... Кез келген жан өмірде қандай із қалдырамын деген ойды есте берік ұстағаны жөн. Көреалмаушылық, қызғаншақтық бар жерде еш даму болмайды. Аяқтан шалу, арызқойлық жақсы қасиет емес. Небір ізгі ниеттерді жастар бойында қалыптастыру арқылы өркениетке қол жеткіземіз. Өркениет арқылы, алған ілім-білімдерді жақсы іске жұмсау арқылы, тәрбиеге ден қою арқылы елді, ұлтты дамытамыз».
 Ал, «Al-Farabi university – smart city» өзіндік бірегей бағдарламасының басты міндеті – оқу орнын әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауының бірінші басымдығында экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы жайында айтқан болатын. Осыған орай, ҚазҰУ-да қазіргі заманғы инновациялық инфрақұрылым жасақталған. «Электронды кампус» жобасы жүзеге асырылып, Ахуалды басқару орталығы, электрондық үкіметке ұқсастырылып студенттерге қызмет көрсететін «Керемет» орталығы ашылды. Сонымен қатар, электрондық құжат алмасу енгізілді, «Универ» бірегей ақпараттық-коммуникациялық жүйесі іске қосылды. Қаршаңырақ ҚазҰУ – ақпараттық-коммуникациялық жүйелердің соңғы жетістіктеріне негізделетін көпшілікке арналған ашық онлайн курстардың ұлттық тұғырнамасын жасаудың бастамашысына айналып отыр.
 Қазыналы ҚазҰУ белгілі ғалымдардың, тағылымды тұлғалардың ортасы екендігі белгілі. Осы орайда өнегелі азаматтардың өмірі мен еңбек жолынан тұратын «Өнегелі өмір» сериясы бойынша кітаптар шығару қолға алынды. Кітапқа ел үшін еңбегі сіңген тұлғалар мен ордалы оқу орнында еселі еңбек еткен тұлғалардың өмірі кеңінен қамтылып, ұсынылады. Бүгінге дейін жүзден аса еңбектер шығарылды. Алдағы уақытта да тұрақты түрде жарыққа шықпақ.
 Ректор Ғалымқайыр Мұтанов өзінің бүкіл қабілет-қарымын, білім мен тәжірибесін университеттегі білім беру сапасын әлемдік стандарттарға сәйкестендіру ісіне жұмылдыра отырып, ғажайып ізденістерді жүзеге асыруда, бүгінге дейін аса ауқымды міндеттерді еңсерді. Соның нәтижесінде ҚазҰУ әлемдегі алдыңғы қатарлы оқу орындары қатарынан көрінді. Олардың бір парасын жоғарыда атап өттік. Әрине, оның бұл саладағы еселі еңбектері тиісті бағасын алып та жатыр.
 Қазақ білім мен ғылымының дамуына сіңірген еңбектері үшін Ғалымқайыр Мұтанұлы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері атағымен, «Парасат» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» мерекелік медалдерімен, «ҚР Президентінің ерекше белгісі», «Қазақстан Республикасының халыққа білім беру үздігі», «Қазақстан Республикасының құрметті білім беру қызметкері», «Қазақстан Республикасының Құрметті инженері» төсбелгілерімен марапатталды.
 Ғалымқайыр Мұтанұлының ғалымдық қырлары өзінше бір университет десек, артық айтқан­дық емес. «Ғылым таппай мақтанба, құ­мар­ланып шаттанба», – деп ұлы Абай айтып кеткендей, ғылымды өзі­нің өмірлік өлшеміне айнал­дырған академик Мұтанов бүкіл саналы ғұмырын оқу-білім жолындағы ізденіске арнаған ұшан-теңіз дарын иесі. Ол 10 халықаралық академиялардың академигі. Oл әлеуметтік-экономикалық үдерістер аясындағы тақырыптарға жазылған 400-ден артық ғылыми жарияланымның, соның ішінде 10 монографияның, оқулықтардың, оқу құралдарының, әдістемелік әзірлемелердің авторы, бұлар АҚШ, Чехия, Швеция, Германия мен Швейцарияда басып шығарылған. Ол 35-тен астам патенттің, өнертабыстардың авторы. Ол жасанды ақыл-парасатты, сараптама жүйелерінқолдану негізінде техникалық және әлеуметтік-экономикалық салалардағы математикалық үлгілеу және басқару жөніндегі ғылыми мектебін құрды. Ол үш ғылым докторын және отызға жуық ғылым кандидатын дайындады.

Бүгінде мемлекетімізде индустриялық-инновациялық жобалар қарқынды іске асырылуда. Мемлекет экономикасының өзегі саналатын аграрлық сала алдында тұрған міндеттер мен межелер де ауқымды екендігі рас. Бұл тұрғыда Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігі мен оны шешудегі және аталған саладағы инновациялық ілкімді істерді іске асырудағы агроөнеркәсіп кешендері және орталықтарының мүмкіндігі мен басымдықтары айтарлықтай екендігі жасырын емес. Осы ретте айта кетейік, университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Ғалымқайыр Мұтанов: «Жаңа индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бесжылдығында қазақстандық жоғары оқу орындарының алдында модернизация бойынша ауқымды міндеттер тұр. Қазіргі күнде университеттер ғылым мен инновацияға басымдық беруі қажет» деген-тін. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Агробиостанциясында ауылшаруашылық саласындағы ғылыми-инновациялық жұмыстар мен студенттер практикасы жүргізіледі. Бұл тұрғыда аумағы 10 гектарды құрайтын ғылыми-өндірістік орталықта Агробиоэкологиялық зертхана, табиғи газбен қамтамасыз етілген станция, ауылшаруашылық өнімдерін сақтау қоймасы мен техникалары және шеберхана жұмыс істейді. Агробиостанция аумағындағы алқапта бидайдың ерекше сұрыптары өсіріліп, суландыру жүйесі мен агротехникалық іс-шаралары тұрақты түрде жүргізу қолға алынған. Түрлі өнімдер мен жеміс-жидектер жәрмеңкелерде нарық бағасынан төмен деңгейде сатылып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамассыз етуге өзіндік сүбелі үлесін қосуда.
Өткен жылы ҚазҰУ-дың Агробиостанциясында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Ұлттық университет басшылығымен және Оңтүстік Кореядағы Донгук университетінің өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу аясында негізгі әңгіме өзегі елімізде тұқымдық картоп пен құлпынайды гидропоникада өсірудің жаңа әдістерін қолдану мәселелері турасында өрбіді. Білім мен ғылымның қарашаңырағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арқылы бүгінде Алматы облысы көлемінде көптеген инновациялық жобалар іске асырылуда. Тың идеяларды келешекте университет арқылы республика көлемінде тарату жоспарда бар екендігін атап өткен ләзім. Бұл орайда, университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлының басшылығымен  еліміздегі бірден-бір ғылыми-өндірістік орталығы ретінде саналар Агробиостанцияның үлес қосарына сеніміміз кәміл.
«Ғылымды өміріне серік еткен адам ғана нағыз ғалым болып қалыптаспақ»,  – депті Авраам Йоффе. Ғұламаның осы сөзі кейде маған Ғалымқайыр Мұтанұлы сияқты азаматтарға арнап айтылған сөз сияқты көрінеді. Ол кісіні танитын немесе араластығы бар адамдарды білемін. Солардың бәрі-бәрі Ғалымқайыр аға туралы жақсы сөздерін айтудан әсте жалыққан емес. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халқымыздың ғибратты сөзі ойға оралады осындайда. Сөз соңында қажырлы ең­бекті, ұшан-теңіз ғылыми ізде­ністерді серік етіп келе жатқан аяулы ағамызға жасыңызға жас қосылсын, деніңіз сау, еңбегіңіз жемісті болғай демекпіз.
Құттымұрат ТАҒАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Агробиостанциясының директоры, Оқу агробио-зертханасының меңгерушіс

Талқылау
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
ҚР Ұлттық ғылым академиясы- Национальная академия наук РК